Қазақстан ресейлік «Лукойлмен» бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін қаржы іздеп жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
«Лукойлмен» бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы іздеп жатыр / Фото: shutterstock.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы мен ресейлік «Лукойл» алпауыты Каспий қайраңындағы ірі жобаларды қаржыландыру көзін іздестіріп жатыр. Бұған себеп – Ресейге қарсы бағытталған халықаралық санкциялар салқыны.

«ҚазМұнайГаз» төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, жобаның техникалық және дайындық жұмыстары толық аяқталған. Халықаралық стандарттарға сай жасалған жоспар дайын тұрғанымен, ең басты мәселе – инвестиция тарту түйіні әлі шешімін таппай отыр. Қос серіктес қазіргі санкциялық шектеулерді айналып өтіп, жобаны тоқтатпай алға жылжытудың тиімді нұсқаларын қарастырып жатыр.

«Қаламқас-теңіз» бен «Хазар»: тоқтап қалған алып жобалар

АҚШ Қаржы министрлігінің санкция саясаты Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеруге тікелей әсер етті.

Бұл – жай ғана кен орындары емес, еліміздің мұнай-газ секторындағы ең ірі әрі перспективалы нысандардың бірі. Санкция қыспағына байланысты аталған кен орындарындағы жұмыс уақытша тоқтап тұр тұр.

Бұл екі жобаның ел экономикасы үшін маңызы зор. Бұл кен орындарындағы мұнай қоры: шамамен 81 млн тоннаны ал газ қоры 22 млрд текше метрді құрайды.

Жоспар бойынша жылына шамамен 4 млн тонна (тәулігіне 80 мың баррель) мұнай өндіріліп, алғашқы өнім 2029 жылдың соңында алынуға тиіс еді. Жоба «ҚазМұнайГаз» (50%) бен «Лукойл» (50%) арасында тең бөлінген, ал жалпы инвестиция көлемі 6,4 млрд долларды құрауы керек болатын.

Лукойл (Lukoil) – Ресейдегі ең ірі жекеменшік энергетикалық компанияның бірі. Былтыр Ұлыбритания мен АҚШ санкция салғаннан кейін шетелдегі активтерін сату бойынша келіссөз жүргізе бастады.

Сондай-ақ оқыңыз