Қытай Қазақстанда 1,2 млрд долларға болат комбинатын салғысы келеді

Қазақстан мен Қытай жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін комбинат салуға ниетті. Fujian Hengwang Investment осы жоба үшін 1,2 млрд доллар инвестиция құйғысы келеді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытайдың Фуцзянь провинциясына барды. Сапар аясында Fujian Hengwang Investment қытай компаниясымен ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселесі пысықталды.
Министрліктің мәліметінше, жоба Қазақстанда жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін металлургиялық комбинат салуды көздейді. Инвестиция көлемі – шамамен 1,2 млрд доллар.
Кәсіпорын іске қосылған жағдайда шамамен 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағытталып, сонымен бірге экспортқа шығарылады.
«Фуцзянь – Қытайдың жетекші өнеркәсіптік әрі экспорттық өңірлерінің бірі. Біз Қытаймен тұтас ел ретінде емес, нақты провинциялар деңгейінде жұмыс істейміз. Осы өңірдің порттары арқылы қазақстандық өнімдер Қытайдың оңтүстігіне және АСЕАН елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік алады», – деді Шаққалиев.
Бұған қоса Jinyuan тоқыма компаниясымен жіп иіру өндірісін іске қосу және шикізатты терең өңдеу бағыттары талқыланып жатыр. Ал Weihua Heavy Machinery компаниясымен жүк көтергіш жабдықтар шығаратын өндіріс пен инженерлік орталықтар құру мәселесі қаралды. Shenda Electric компаниясымен трансформаторлар мен электротехникалық өнімдер өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланса, Jinlun Hi-tech Fiber-мен синтетикалық талшықтар мен химиялық өңдеу саласындағы жобалар пысықталып жатыр.
QazTrade дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Фуцзянь провинциясы арасындағы тауар айналымы шамамен 522 млн АҚШ долларға жеткен.
Осы аптада тағы 24 қытай компаниясы Алматы облысына кіретіні мәлім болды. Қазақстанда жұмыс істейтін тағы бір қытай компаниясының бұрынғы басшысы 1 сәуірде шартты өлім жазасына кесілген.