«Отбасы банк» 2 және 5%-дық ипотекаға өтінім қабылдауды бастады

«Отбасы банк» жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдауды бастады. Жылдық мөлшерлеме – 2% немесе 5%. Пәтерлер кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді.
Қазір кейбір қалаларда өтінім қабылдау мен төлем қабілетін бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал пәтерлерді бөлу бірнеше күннен кейін басталады.
Жеңілдетілген ипотека шарттары және кімдерге беріледі
Жеңілдетілген несие 20 жылға беріледі. Бастапқы жарнаға пәтер бағасының кемінде 10%-ы қажет. Алайда бұл белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған.
Негізгі екі шарт бар:
- Пәтер кезегінде тұру;
- Әлеуметтік осал топқа жату.
2% ипотека тек кейбір кезектегі азаматтарға беріледі. Оларға келесі санаттағы азаматтар жатады:
- ардагерлер;
- мүгедектігі бар адамдар;
- жетімдер;
- көпбалалы отбасылар;
- мүгедек баласы бар отбасылар;
- жесірлер мен жесірлердің жұбайлары.
5% ипотека үшін тізім кеңірек. Бұл бағдарламаға барлық әлеуметтік осал топтар қатыса алады:
- толық емес отбасылар;
- қандастар;
- созылмалы ауруы бар адамдар;
- төтенше жағдай кезінде үйінен айырылғандар.
Өтінімді Отбасы банкінің сайты, мобильді қосымшасы немесе бөлімшесі арқылы беруге болады. Бір ескере кететін жәйт, қатысушының банкте пәтер бағасының кемінде 10%-ы шамасында жинақталған депозиті болуға тиіс.
Қай қалаларға қатысты
Қазір бағдарлама аясында пәтерлер бірнеше қалада үлестірілуде. Барлық пәтерлер ішкі әрлеуімен дайын күйде беріледі.
Қостанайда Береке ықшам ауданында, 31-ші үйде, әр шаршы метрі 253 606 теңгеден 60 пәтер қолжетімді. Өтінімдер 1–9 сәуір аралығында қабылданады, ал үлестіру 15 сәуірде өтеді.
Петропавлда бірнеше нысан бар. Жұмабаев көшесі, 282 мекен-жайында 126 пәтер ұсынылған, шаршы метрі 180 мың теңге. Үлестіру 10 сәуірде болады. Сондай-ақ, Крепостная көшесі, 141 және Бескөл ауылы, Дорожная көшесі, 8в мекен-жайында 72 және 50 пәтер бар, әр шаршы метрі 230 мың теңге.
Таразда пәтерлер Шапағат және Ұлы Дала ықшам аудандарында үлестірілуде. Шаршы метр бағасы 226 110 теңге және 160 мың теңге. Үлестіру әр түрлі нысандар бойынша 14 және 20 сәуірде жоспарланған.
Аягөзде, Кабанбай Батыр көшесі, 5/4 мекен-жайында 59 пәтер бар, шаршы метрі 220 мың теңге. Үлестіру 16 сәуірде болады.
Жаркентте, Серғазы Беспаев көшесі, 78/1 және 78/2 мекен-жайында 120 пәтер ұсынылған, әр шаршы метрі 261 850 теңге. Үлестіру 13 сәуірде өтеді.
Ал Алматы мен Астана қалаларында осы бағдарламалар бойынша әлі дайын нысандар жоқ. Пәтерлерді дайындау мәселесі әкімдіктердің қарауында.
Еске салайық, 1 сәуірден бастап Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша жаңа қаржыландыру лимиті күшіне енді.