Қайтарылған актив – «Kundybai Mining» үлесі әлдеқайда арзан бағаға сатылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
аукцион
Компания үлесін мемлекет меншігіне кімнің қайтарғаны ресми түрде жартияланбады / фото: shutterstock

«Kundybai Mining» тау-кен компаниясы акцияларының 20% үлесі өз құнынан әлдеқайда арзанға – бар болғаны 35,9 млн теңгеге сатылды. Қайтарылған актив 30% арзан бағаға өтті.

Тым арзан

Ескі Қазақстанның бай-бағландарынан тәркіленген құнды қағаздарды «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) электронды аукционда сатқан. 1 сәуірде eSauda порталындағы саудаға бар болғаны бір субъект қатысып, актив бастапқы бағаға ешқандай саудасыз сатылған. Оны кім сатып алғаны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, тау-кен компаниясының үлесі бұған дейін бірнеше мәрте өтпей қалған. Соған байланысты KUVA оның құнын шамамен екі есе түсіруге мәжбүр болған.

Бағалаушылар «Kundybai Mining» акцияларының 20% үлесін 51,3 млн теңге тұрады деп есептеген. Алайда ол аукционда бар болғаны 35,9 млн теңгеге, яғни 30% арзан бағаға сатылып отыр.

Компания туралы

«Kundybai Mining» компаниясының бас кеңсесі Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан. Тау-кен компаниясы Қостанай облысындағы Құндыбай кен орнын игерумен айналысады.

Оның 20% үлесін мемлекет меншігіне нақты кімнің қайтарғаны ресми түрде жарияланбады.

eGov мәліметінше, «Kundybai Mining» акционерлік қоғамы Алматы қаласында 2011 жылғы 11 қазанда тіркелген. Шамамен жарты жылдан соң – 2012 жылғы 9 сәуірде қайта тіркеуден өткен. Компания басшысы – Руслан Хасанов. Акционерлік қоғамның жалғыз құрылтайшысы бар, бірақ eGov оның нақты кім екенін көрсетпейді. «Kundybai Mining» геологиялық барлау мен зерттеу жүргізумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз