Ормұз бұғазындағы құрсау: мұнай өндірісі пандемиядағы көрсеткіштен де төмен құлдырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай өндірісі азайып кетті Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың наурыз айы мұнай нарығы үшін соңғы жылдардағы ең ауыр кезең болды. Reuters агенттігі жүргізген соңғы сауалнамаға сәйкес, ОПЕК ұйымына мүше 12 ел шикізат өндірісін күрт азайып, тәулігіне небәрі 21,57 млн баррельді құрады. Бұл – пандемия кезіндегі ең төменгі көрсеткіштерден де асып түсетін антирекорд. Небәрі бір айдың ішінде өндіріс көлемі 7,3 млн баррельге қысқарып, әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп тұр.

Басты себеп – Ормұз бұғазындағы дағдарыс

Мұнай өндірісінің мұншалықты құлдырауына экономикалық факторлардан бұрын, геосаяси жағдай тікелей әсер етті. Ақпан айының соңында басталған АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қақтығыс әлемдегі ең маңызды су жолы – Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын тоқтатып тастады.

Парсы шығанағынан шығатын мұнай мен газдың негізгі күретамыры жабылып қалғандықтан, экспорт бағыттар үзілді. Тасымалдау мүмкіндігі болмаған соң, өндіруші елдер мұнай ұңғымаларын амалсыз тоқтатуға мәжбүр болды.

Ирактағы ірі шығын мен Саудияның сақтығы

Бұл дағдарыстан ең қатты зардап шеккен ел – Ирак. Ақпан айында тәулігіне 4,15 млн баррель мұнай шығарған бұл мемлекет наурызда өндірісті 1,6 млн баррельге дейін төмендетті.

Саудия Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері де өндірісті қысқартқанымен, оларда мұнайды бұғазды айналып өтіп тасымалдауға мүмкіндік беретін балама жолдар бар.

Сондықтан бұл елдердегі көрсеткіш Иракқа қарағанда тұрақтырақ болды. Ал Венесуэла мен Нигерия өндірісті сәл де болса арттырып көргенімен, бұл жалпы нарықтағы үлкен тапшылықты жаба алмады.

Мұнай бағасы 150 долларға жетуі мүмкін

Қазіргі жағдай жанармай бағасына тікелей әсер етіп үлгерді. JPMorgan сарапшыларының болжамынша, егер Ормұз бұғазы мамыр айының ортасына дейін ашылмаса, мұнайдың баррелі 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл әлемдік өнеркәсіп үшін нағыз сынақ болмақ.

Осындай қиын сәтте ОПЕК+ альянсы 5 сәуірге шұғыл кездесу белгіледі. Жиында мүше елдер нарықты тыныштандыру үшін өндірісті қайта ұлғайту жоспарын талқылайды. Алайда, тасымал жолдары жабық тұрғанда, бұл шешімнің қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жойқын соққы жасау туралы үндеу жасаған соң, әлем нарығында мұнай қымбаттап жатыр. Инвесторлар мұнайлы өңірдегі соғыстың одан сайын өршуі шикізат тапшылығын туғыза ма деп қауіптенеді.

Сондай-ақ оқыңыз