Түрмені жеке кәсіпкерлер салады: қылмыстық-атқару жүйесі қалай өзгермек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Берік Асылов
Бас прокурор Берік Асылов / фото: ҚР Бас прокуратурасы

2 сәуір күні Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында еліміздің пенитенциарлық жүйесін түбегейлі реформалау мәселелері талқыланды. Жиынға Парламент депутаттары мен бірнеше министрлік басшылары қатысып, сотталғандарды қайта тәрбиелеу мен инфрақұрылымды жаңартудың жаңа тетіктерін айқындады.

Азаптау азайды, еңбекке тартылу артты

Бас прокуратураның мәліметінше, азаптау фактілері күрт төмендеген: 2023 жылғы 26 деректен 2025 жылы 3 дерекке дейін азайды. Еңбекпен қамту көрсеткіші өсті. Жазасын өтеушілердің 70%-ы жұмыспен қамтылған (бұрын 50% болатын). Қайталама қылмыс азайды: пробация бақылауындағылар арасында қылмыстың қайталануы 20%-ға төмендеген.

Жеке инвесторлар түрме сала ма?

Отырыстағы ең маңызды жаңалықтардың бірі түзеу мекемелерін салуға жеке капиталды тарту. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа нысандарды салудың 30/70 моделі ұсынылды:

  1. Құрылыс шығынының 30%-ын мемлекет өтейді.
  2. Қалған 70%-ын жеке инвестор қаржыландырады.
  3. Кейіннен мемлекет инвестордың шығындарын кезең-кезеңімен қайтарады.

Алматы қаласында осындай алғашқы жоба – халықаралық стандарттарға сай келетін кәмелетке толмағандарға арналған мекеме іске қосылды. Сондай-ақ өңірлерде сотталғандар жұмыс істейтін 12 өндірістік ангар бой көтермек.

Әлеуметтендіру – әкімдіктердің құзырында

Бас Прокурор Берік Асылов бір сотталған азаматты ұстауға мемлекет қазынасынан жылына 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалатынын атап өтті. Бүгінде 30 мың сотталғанның әрбір үшіншісі бұрын темір торға түскендер. Бұл рецидивті тоқтатудың жалғыз жолы оларды қоғамға бейімдеу.

Бас прокуратура қайта әлеуметтендіру функцияларын тікелей әкімдіктерге беруді, ал бұл жұмысты үйлестіруді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеуді ұсынды. Яғни, бостандыққа шыққан азаматтың жұмыс табуы мен баспана мәселесіне жергілікті билік тікелей жауапты болады.

Мемлекет енді заң бұзған тұлғаны қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта қалыптастыру жолында жұмыс жасамақ. Құрылыс нормативтерін қайта қарау мен заманауи технологияларды енгізу бюджет жүктемесін азайтып, адам құқықтарының сақталу деңгейін халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін сотталғандарға смартфон қолдануға рұқсат берітінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз