Алтынның үлесі артты: Қазақстанның халықаралық резерві 140 млрд долларға жуықтаған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Халықаралық резервтегі алтын үлесі артып барады / Фото: shutterstock

Қазақстанның жиынтық халықаралық резервтері, Ұлттық банк пен Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 140 млрд долларға жуықтады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Тек 2026 жылдың алғашқы екі айының өзінде қордағы қаржы 7,4%-ға артқан. Halyk Finance сарапшылары резервтегі алтынның үлесі артып, қымбат металға деген тәуелділік артып барады деп тұжырымдайды.

Алтынға деген тәуелділік артып барады

Резервтердің өсуіне негізінен алтын бағасының қымбаттауы және Ұлттық банктің бұл асыл металды белсенді сатып алуы себеп болған. Алайда мұның екінші жағы да бар: Қазақстанның жинағы алтынға тым қатты байланып тұр.

Мәселен, 2024 жылдың соңында резервтегі алтынның үлесі 52% болса, 2026 жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 80%-ға жеткен.

Яғни, қазір Ұлттық банк резервтерінің басым бөлігі – алтын. Салыстырмалы түрде айтсақ, қолда бар еркін валютаның (доллар, еуро т.б.) көлемі керісінше азайып, 22 миллиардтан 15,6 миллиард долларға дейін төмендеген.

Бұл резервтердің жалпы сомасы өскенімен, оның жедел жұмсай қоятын «өтімділігі» төмендегенін білдіреді.

Ұлттық қордағы оң өзгеріс

Ұлттық қордың активтері де өсім көрсетіп, 65,5 миллиард долларға жетті. Мұнда екі маңызды себеп бар. Біріншіден, өткен жылы қордағы қаржыны басқарудан түскен инвестициялық табыс рекордтық деңгейге (6,4 триллион теңге) жетті.

Екіншіден, соңғы жылдары алғаш рет қорға түсетін салықтар мен түсімдер одан алынатын трансферттерден (бюджетке алынатын ақша) асып түсе бастады.

Дегенмен сарапшылар биыл әлемдік нарықтағы құбылмалылық пен Ирандағы жағдайларға байланысты инвестициялық табыс төмендеуі мүмкін деп болжайды.

Қазіргі резервтер елге қажетті импортты 10 ай бойы қаржыландыруға жетеді, бұл- өте жақсы көрсеткіш. Бірақ тек валюталық бөлігіне (алтынсыз) қарасақ, ол 3 айға да жетпейді. Егер алтын бағасы күрт арзандап кетсе немесе күтпеген экономикалық қиындықтар туса, бұл жағдай теңге бағамының тұрақтылығына қысым түсіруі мүмкін.

Бұған дейін сарапшылар 2000-шы жылдан бері әлемдік орталық банктердің шетел валютасындағы резерв құрылымында АҚШ долларының үлесі азайып келе жатқанын айтқан

Сондай-ақ оқыңыз