Ұрлаған заттарының бағасын естіген екі шымкенттік талып қала жаздады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
 Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Шымкентте «Оңтүстік жарық Транзит» компаниясының қойма меңгерушісі мен жүргізушісі сымдар мен басқа да бөлшектерді ұрлаған.

Hronika ақпаратына қарағанда, олардың ісі Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық сотында қаралды. Бұрын «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС-де қойма меңгерушісі қызметін атқарған 40 жастағы Самал И. мен осы кәсіпорында жұмыс істеген 1978 жылы туған жүргізуші Айдын С. айыпталды.

Тағылған айып

Екеуіне де сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету айыбы тағылды. Сонымен қатар қойма меңгерушісі Самал И.-ға құжаттарды қолдан жасау дерегі де қосымша айып ретінде тағылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2022–2023 жылдар аралығында қойма меңгерушісі қызметтік жағдайын пайдаланып, ЖШС-ға тиесілі 27 683 352,02 теңге көлеміндегі мүлікті жымқырған. Кейбір жағдайларда оған жүргізуші көмектесіп, ұрланған заттарды қызметтік көлікпен кәсіпорын аумағынан шығарып отырған.

Не ұрлаған

Тергеу нәтижесінде ұрланған заттардың қатарында 7 753,8 литр трансформатор майы (жалпы құны 4 554 969,81 теңге), сондай-ақ 3,22 тонна «АС 35/6.2» маркалы оқшауланбаған сым (жалпы құны 2 998 288,70 теңге) және басқа да бұйымдар мен қосалқы бөлшектер болғаны анықталды.

Сотта айыпталушылар майды, сымды және басқа да заттарды ұрлағандарын ішінара мойындап, кейін оларды үшінші тұлғаларға сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағандарын айтты.

20 миллион қайдан шықты

Алайда олардың айтуынша, ұрланған мүліктің жалпы құны ең көбі 78 миллион теңге шамасында ғана болуы мүмкін. Қалған шамамен 20 миллион теңгенің қайдан шыққаны өздеріне түсініксіз екенін жеткізген.

Сот айыпталушылардың бұл уәждерін негізсіз деп танып, оларды толық көлемде кінәлі деп тапты.

Жаза

Бұрынғы қойма меңгерушісі орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жүргізушіге 2 жыл 6 ай жаза тағайындалғанымен, рақымшылыққа байланысты оған шартты жаза берілді.

Сондай-ақ бұрынғы қойма меңгерушісі кәсіпорынға келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Бұл үшін оған бір ай мерзім берілді. Дегенмен сотталғандардың үкімге шағымдану құқығы бар.

Мұның алдында бір ер адам баласын көруге келіп, бұрынғы әйелін тонап кеткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз