Қайрат Қожамжаровтың бауырына тиесілі компания сотта Halyk Bank-тен жеңіліп қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Дулат Қожамжаров «Халық банктен» жеңіліп қалды / Фото: shutterstock

Алматы соты бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың бауыры, кәсіпкер – Дулат Қожамжаров пен оның HILL тобына кіретін компанияларына қарсы «Халық банктің» берген талап-арызы бойынша шешім шығарды. Жыл басында татуласу мүмкіндігін қарастыру үшін уақытша тоқтатылған. Бұл іс соңында қарызды өндіру және кепілге қойылған мүліктерді тәркілеумен аяқталды, деп жазады Bes.media басылымы.

2025 жылдың соңында «Халық банктің» шағымы негізінде Қожамжаровтың дүние-мүлкіне шектеу қойылған еді.

Миллиардтаған қарыз

Сот банк талабын толық қанағаттандырып, жауапкерлерден ортақ тәртіппен ірі көлемдегі берешекті өндіруді ұйғарды.

Атап айтқанда, Дулат Қожамжаров пен HILL тобының бірнеше компаниясынан (HILL Corporation, «Ойл снаб», HILL Group, HILL Resources және HILL Invest) 2,5 млрд теңгеден астам қаржы және 44,8 млн еуродан астам қарыз өндірілетін болды.

Бұған қоса, миллиондаған теңге мемлекеттік баж салығы да жауапкерлердің мойнына жүктелді.

Кепілдегі мүліктер мен өндірістік кешендер

Қарызды қайтару мақсатында сот бірнеше өңірдегі жылжымайтын мүліктерді сатылымға шығару туралы шешім қабылдаған. Олардың қатарында:

  • Шымкентте: «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан HILL компаниясының алып өндірістік кешені. 6 гектар жерді алып жатқан бұл нысанның (ғимараттар, қоймалар, цехтар мен теміржол желісі) бастапқы сату бағасы 9,1 млрд теңге болып бекітілді. Сондай-ақ кәсіпкердің осы қаладағы жеке үйі де сатылымға қойылмақ.
  • Алматыда: Дулат Қожамжаровқа тиесілі «Керемет» шағын ауданындағы пәтер.
  • Өскеменде: Өндірістік ғимараттар мен теміржол өткелі.

Жабдықтар мен техника да тәркіленеді

Сот шешімі тек ғимараттарды ғана емес, сонымен бірге компанияның өндіріс қуатын құрайтын жүздеген техниканы да қамтиды. HILL компаниясына тиесілі 1300-ден астам жабдық пен негізгі құралдар тәркіленбек. Бұл техникалық активтердің жалпы бастапқы құны 5,5 млрд теңгеге жуықтайды.

Осылайша, «Халық банктің» пайдасына өндірілетін тек негізгі үш ірі кепілдік нысанның (өндірістік кешен мен жабдықтар) бастапқы бағасы 14,6 млрд теңгеден асып жығылды.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бұл мүліктер борышты өтеу үшін ашық саудаға шығарылады.

Қожамжаров кім?

Дулат Қожамжаров — қаржы полициясын басқарған және Бас прокурор болған Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры. Күзде Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. 2 желтоқсанда іздеудегі Қожамжаров Мәскеуде жүр деген ақпарат тараған.  

Forbes Kazakhstan мәліметінше, ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің қатарына кіріп, оның байлығы 110 млн доллар шамасында бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз