Миллиард қаралым жинаған қытай блогері марапатталды

Миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Жоғары мемлекеттік награданы оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Марапат Тао Минсюдің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанды танытуға, оның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.
«ІІ дәрежелі «Достық» ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деп атап өтті Аида Балаева.
Тао Минсю, сондай-ақ Тао Тао есімімен де танымал, Қазақстанға алғаш рет 2024 жылғы қыркүйекте арнайы шақырылған медиа-инфлюенсер ретінде келген болатын. Содан бері ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жиынтық қамтылымы 1 миллиардтан асатын 100-ден астам материал жариялады. 2025 жылғы мамырда оған «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті мәртебесі берілді.
Мұның алдында Ақсуаттан шыққан тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым әкімнен мақтау естіген еді.