Қайыршы қыздар елден қуылды

Алматы полициясы тұрғындарға таспен, таяқпен шабуыл жасаған құқық бұзушылардың елден шығарылғанын хабарлады.
Сот шешімімен оларды Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарып, елге кіруіне тыйым салынды.
«Соттың шешімімен қоғамдық орындарда заңға қайшы әрекет жасаған шетел азаматтары Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды», – деп мәлімдеді полиция.
Полиция мәліметінше, бұл жасөспірімдер Тәжікстан азаматтары.
Бұған дейін БАҚ-та Алматы тұрғындарын қорқытып келген жасөспірім қайыршылар тобы туралы хабарланған еді. Олар адамдардың заттарын тартып алып, үстіне су құйып, тас лақтырған.
Алматы тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде шағым жариялап, ол қысқа уақыт ішінде кеңінен таралған. Полиция бұл жағдайды бақылауға алып, тексеру жүргізетінін мәлімдеген болатын.