Жарылған бөгет: Астана-Қорғалжын автожолы бойын кілкіген су басты (фото)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылды
Бұзылған бөгеттен аққан су автожолды басқалы тұр / фото: Ақмола ТЖД

Ақмола облысы Қорғалжын ауданында 5 сәуірде түстен кейін бұзылған «Шөптікөл» бөгетінен аққан су Астана-Қорғалжын күрежолына келіп тірелді. Соған байланысты жұмысшылар шұғыл түрде қызылсуды жолдың екінші бетіне айдап жатыр.

Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке қарағанда, еріген суды дала аймағына қайта бағыттау мақсатында Астана–Қорғалжын автожолы төсемінің деңгейі көтеріле бастады.

Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылды
Жолдың екінші жағында су айдау жұмыстары / фото: Ақмола ТЖД

Мекеме бөгеттен аққан судан жергілікті тұрғындарға қауіп жоқ деп отыр.

«Халық үшін қауіп жоқ. Жұмыстар тәулік бойы жалғасып жатыр», – деп ескертті Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылды
Оқиға орнындағы арнайы техника / фото: Ақмола ТЖД

Мәліметке қарағанда, қазір шамамен 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалды. Жол бойында ұзындығы 800 метрге жуық топырақ төселді.

«Су басудың алдын алу және автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – делінген ресми мәліметте.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері де жүр.

Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылды
Түнгі жұмыс / фото: Ақмола ТЖД

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі күні Ақмола облысында «Шөптікөл» бөгеті жарылып, ауыл мен автожолды су басу қаупі туды. Гидротехникалық нысан Сабынды ауылынан солтүстікке қарай бар болғаны 2 шақырым жерде орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз