Өскеменде екі мас адам полиция қызметкерін атып кетті

Өскеменде екі мас адам полиция қызметкерінің қаруын тартып алып атып кетті. Полиция қызметкері өз қызметтік қаруынан жараланғанын растады.
YK-news.kz ақпаратына қарағанда, атыс Наурыз мерекесі күні Нұрмағамбетов көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болған.
«22 наурыз күні кешке мас екі азамат полиция қызметкеріне бағынбай, оның қызметтік қаруын тартып алып, қолының тұсына атқан», – деп түсіндірді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Қазбек Тақжанов.
Оның айтуынша, күдіктілер оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккен полиция қызметкері ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілген.
ШҚО ПД мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы– құқық қорғау органының қызметкерінің өміріне қол сұғу және қару ұрлау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мұның алдында Өскеменде он алты жастағы қызды пышақтап кеткен еді.