Алматыда полицейлер азаматтық көлікке ауысып, жасырын жұмыс істеп жатыр

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Shutterstock

Енді Алматы полицейлері қызметтік көлігін тастап, азаматтық жеңіл көліктерге ауысады. Осылайша жолдағы заң бұзушылықтармен күреспекші деп хабарлады ІІМ.

Ведомство мәліметінше, полицейлер қызметтік көлігін тастап, «жасырын» жұмыс істеудегі мақсаты – жолда агрессивті көлік айдайтындармен күресу. Олар көшедегі қарапайым көлік тәрізді жүріп, заң бұзғандарды көрсе, бірден тіркеп, жақын маңдағы полиция экипажына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні жауапқа тартады.

ІІМ дерегінше, өткен демалыста осы тәсілмен тәртіп бұзған 28 дерек тіркеген. Барлығы да жауапқа тартылды.

«Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды. Әсіресе агрессивті жүргізу – «шахмат» тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда. Мұндай фактілер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады», – дейді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Неге полицейлер жұмысын күшейтті?

21 наурызда Алматыда, Әл-Фарабиде жантүршігерлік апат болып, үш адам қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, Zeekr автокөлігі даңғыл бойында қатты жылдамдықпен жүріп, басқа көлікке соқтығысқан. Қазір апатқа себепкер деген күдікті ауруханада, тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды.

Бұл жағдай көпшілік арасында қызу талқыланды. Осыдан кейін қала әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы жол қозғалысын қатаң бақылауға тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз