Дархан Сатыбалды бақылауды күшейтті: лас 700 көлік иесі 50 мың теңге айыппұл төлейді

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 6 сәуір күні экология мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, ауаның ластануын азайту шаралары күшейтілетінін ескертті. Бұл уақытта 700-ден астам көлік иесіне кемі 50 мың теңге айыппұл салынды.
Қаланы автокөліктер ластайды
Мегаполис әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, Алматы қаласында бір жылда 189 мың тонна лас зат ауаға көтеріледі. Жергілікті билік ластанудың негізгі көзі деп автокөліктерді (шамамен 60%) атап отыр. Содан кейін ғана энергетика нысандары, өнеркәсіп кәсіпорындары, жеке сектор мен құрылыс саласы келеді.

Дархан Сатыбалды ауаны ластайтын барлық көздерге, соның ішінде көлік пен бизнеске бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Қайталанатын заңбұзушылықтар кезінде айыппұлмен шектелмей, қызметті уақытша тоқтатуға дейінгі қатаң шаралар қолдану қажеттігін атап өтті», – деп таратты әкімдік.
Билік газға көшу, сүзгі жүйелерін орнату және экология талаптарын сақтауды жүйелі түрде жүзеге асыруды көздеп отыр.
Жүздеген көлік иесі жазаланды
Бұл уақытта мегаполисте түтіндеген көліктерді анықтап, олардың иелерін жазалау науқаны жүріп жатыр. Әкімдік мәліметінше, 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында Алматыда 4,4 мың автокөлік тексерілген.
«715 автокөліктен белгіленген экологиялық нормалардың асып кеткені анықталды», – деп таратты әкімдік.
Олардың иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылған. Заңның осы бабына сай, жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 50 110 теңге айыппұл салынады. Ал екінші мәрте бұзған жеке тұлға одан екі есе көп – 100 мың теңге айыппұл төлейді. Заңды тұлғаларға (мысалы, такси паркі, компания) айыппұл әлдеқайда жоғары – 100–200 АЕК.