Алаяқтар «7-20-25» атын жамылып әрекет етуге көшті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алматы жастар тұрғын үй бағдарламасы баспана
Мамандар алаяқтардан сақ болуға шақырды/фото: shutterstock

Алаяқтар «7-20-25» бағдарламасы атын жамылып, жалған қызметтер ұсынып жатыр. Соған байланысты Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарды сақ болуға шақырды.

Қазір тұрғын үй бағдарламасына қатысатын банктердің басым бөлігі өтінімді онлайн форматта қабылдайды. Осылайша өтінімді қарау процесіне араласу мүмкін емес.

«Онлайн-кезек автоматты түрде қалыптасады, ал банк қызметкерлері немесе үшінші тұлғалар техникалық жағынан процеске араласа алмайды», – делінген ақпаратта.

Алаяқтар өзін делдал деп таныстырады

Қор өзін ипотекалық брокер, кеңесші немесе делдал ретінде таныстыратын «көмекшілер» тарапынан алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткенін хабарлады.

«7-20-25» бағдарламасының танымалдылығын пайдалана отырып, олар сыйақыға кезекті «жеделдетуді», орын «брондауды», несиені «мақұлдатуға кепілдік беруді» немесе банктердің лимиттерін «алып беруді» ұсынады», – делінген ақпаратта.

Мамандар ешкімге ақша төлемей, ипотекаға өтінім беруге болатынын айтады. Жұмыс тегін әрі делдалсыз жүзеге асады.

Құрылыс компанияларындағы алаяқтық

Мамандар құрылыс компанияларының сату бөліміндегі жағдайларға да ерекше назар аударуға шақырды.

«Егер сату менеджерлері сыйақы сұрап, пәтер таңдауға немесе ипотека рәсімдеуге көмек ұсынса, көп жағдайда компания басшылығы өз қызметкерлерінің мұндай алаяқтық әрекеттерінен хабарсыз болып келеді. Мұндай жағдайларда тікелей құрылыс компаниясының басшылығына шағымдануға болады», – делінген ақпаратта.

Егер қандай да фактілерге тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Барлық сұрақ бойынша Қазақстанның орнықтылық қорына хабарласа аласыз: +7 (727) 277-20-25.

Сондай-ақ оқыңыз