Қазақстанда мұғалімдердің нақты жалақысы үшінші жыл қатарынан азайды

Қазақстанда педагогтердің нақты жалақысы үшінші жыл қатарынан азайып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 322,7 мың теңге болды.
Номиналды түрде жалақы 6,8%-ға өскенімен, инфляцияны ескергендегі нақты табыс 4,1%-ға төмендеген.
Бұл – педагогтердің нақты табысы қатарынан үшінші жыл қысқарып отырғанын көрсетеді. Оның үстіне, қарқыны үдеген.
Салыстырмалы түрде алғанда, жалпы экономика бойынша нақты жалақы 1,4%-ға азайып отыр. Бұл – 2017 жылдан бергі алғашқы төмендеу.
2019–2021 жылдары білім беру саласындағы жалақы айтарлықтай қарқынмен өсіп, жылына орта есеппен 17,8% болған. Бұл көрсеткіш басқа салалармен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары еді.
Қазір жағдай біршама өзгерген. Білім беру саласы қызметкерлер саны бойынша ең ірі сала болып отыр. Мұнда 1,1 миллион адам еңбек етеді. Оның ішінде 708 мың адам мектептер мен колледждерде жұмыс істейді. Бұл сегментте нақты жалақы 6,1%-ға төмендеген.
Айта кететін жайт, мемлекет 2028 жылға қарай халықтың нақты табысын 2-3 пайызға өсіруді мақсат етіп отыр.