Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу қиындайды: жаңа жоба нені өзгертпек

Қазақстанда БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын алу үшін ең төменгі жеткілікті шек басқаша есептелетін болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты қоғамдық талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады делінгенмен, порталда әдеттегідей жобаның құжаты жоқ.
Өзгерістің мәні неде?
Министрліктің жазуынша, жобаның басты мақсаты – азаматтардың болашақтағы зейнетақы көлемін сақтап қалу және жинақтаушы жүйеден берілетін төлемдердің тиімділігін арттыру. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет азаматтардың қазір ақшасын жұмсап қойып, қартайғанда табыссыз қалуының алдын алуды көздеп отыр.
Есептеу әдісі қалай өзгереді?
Егер бұрын жеткіліктілік шегі белгілі бір көрсеткіштерге негізделсе, ендігі жерде «кейінге қалдырылған өмірлік зейнетақы аннуитетінің» құнына байланатын болады.
Зейнетақы аннуитеті – бұл зейнет жасына жетпей-ақ (ерлер үшін 55 жас, әйелдер үшін 53 жас), жиналған ақша жеткілікті болған жағдайда зейнетақы төлемдерін ала бастау мүмкіндігі.
Қазіргі кезде мұндай аннуитетті сатып алу үшін шотта шамамен 10–14 млн теңге аралығында (жасына және жынысына байланысты) қаражат болуы керек.
Жаңа әдістеме қабылданса, зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе ем-домға алу мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі. Себебі ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін сіздің шотыңыздағы сома жоғарыда аталған аннуитет құнынан (яғни 10–14 млн теңгеден) асуға тиіс. Тек осы шектен асқан соманы ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Қазақстандықтар неге қарсы
Талқылау барысында азаматтар мен сарапшылар жобаға қатысты қатаң сыни пікірлер білдірген. Мәселен, Артем Демидов жобаның толық мәліметтері жарияланбағанын және биліктің «бұл өзгерістің теріс әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды» деген уәжін шындыққа жанаспайды деп санайды. Оның айтуынша, шектің көтерілуі халықтың өз қаражатын пайдалану құқығын шектейді.
Бірқатар салымшылар зейнетақы жинағын «сұр схема» үшін емес, ай сайын қалтаға салмақ болып отырған ипотеканы жабу үшін қолданып келгенін жазады.
«Шекті жыл басында ғана көтерген еді, енді тағы да қиындату не үшін қажет? Бізге ипотекамызды төлеуге мүмкіндік қалдырыңыздар!», – дейді.
2026 жылы ейнетақы жинағынан ақша алу үшін жеткілікті шек 10 пайызға артқан. Соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы шоттарынан шамамен 5 трлн теңге шешіп алған. Оның ішінде шамамен 1 трлн теңгені 20 мен 35 жас аралығындағы жастар алған.