Астана-Омбы пойызы жаңартылды: жолаушылар үшін не өзгерді

Астана-Омбы халықаралық маршрутында RWS Wagon өндірісінің 45-ші үлгідегі жаңа жолаушылар вагондары қатынай бастады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, №145/146 «Нұрлы жол – Омбы» пойызы енді сегіз жаңа вагонмен – купе және плацкартпен қамтылған. Құрамның жалпы сыйымдылығы 300 жолаушыдан асады, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін арнайы орындар қарастырылған.

«Құрам аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 19:40-та аттанып, Омбыға 08:18-де (Мәскеу уақытымен) жетеді. Кері бағытта – аттану 12:07-де, келу 04:48-де. Жол жүру уақыты 14 сағат 53 минутты құрайды», – деп хабарлады тасымалдаушы.
Негізгі өзгерістер жайлылық пен қауіпсіздік деңгейіне қатысты екені атап өтілді. Вагондар климат-бақылау және ауаны зарарсыздандыру жүйелерімен, бейнебақылаумен және өрт сөндіру құрылғыларымен жабдықталған. Ішінде – трансформацияланатын ұйықтайтын орындар, USB-порттар, 220 В розеткалар, Wi-Fi, биодәретханалар және жақсартылған жылу оқшаулағыш бар.

Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін аудиохабарлау, шығу есіктерінің жарығы, жаялық ауыстыратын үстелдер және жеке сейфтер қарастырылған. Әрлеу жұмыстарына гипоаллергенді және тозуға төзімді материалдар пайдаланылған.
Еске сала кетейік, Астана – Омбы бағыты бойынша тұрақты қатынас 2025 жылдың қысында іске қосылған болатын.