Атыраудағы бір отбасының қазасы: Ақбаян Мұқанғалиеваға кешенді сараптама тағайындалды

Индонезиядан Атырауға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығына кешенді сараптама жүргізіледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
«Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Оған психологиялық-психиатриялық стационарлық кешенді сараптама жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындауға күдіктінің мінез-құлқы мен бастапқы жауабы негіз болды», – дейді Әділов.
Айтуынша, қылмыстық істе басқа күдіктілер жоқ. Күдіктілер: Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылған. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін күдіктілер Индонезияда ұсталды. Оларды ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.