Қытайлар Алматыда көлік кептелісін азайтуға көмектеседі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы қаласындағы көлік кептелісі
Оңтүстік астанада көлік кептелісі мен экологиясы басты мәселеге айналды / фото: shutterstock

Алматы қаласындағы көлік кептелісін азайтуға Қытай институты көмектесуі мүмкін. «Шанхай – Алматы» бизнес форумы барысында осындай келісім жасалды.

Мегаполис әкімдігінің хабарлауынша, жол қозғалысына қатысты меморандумға «Алматы қаласын дамыту орталығы», «IntegraConstruction KZ» және Шанхай институты қол қойды.

«Аталған келісім көлік жүктемесін төмендетуге, жол желісінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қаланың жол инфрақұрылымын басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруды көздейді», – деп таратты әкімдіктің баспасөз қызметі.

Басты бағыттар ретінде көлік санын сараптау, цифрлық құралдарды көбірек енгізу және қала трафигін басқарудың заманауи шешімдерін әзірлеу мәселелері аталды.

7 сәуірде өткен бизнес форумға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Шанхай мэрі Гун Чжэн қатысты.

Айта кетейік, осы аптада мегаполис әкімі ауаны ластайтын барлық көздерге, соның ішінде көлік пен бизнеске бақылауды күшейтуді тапсырған. Қала билігі Алматы экологиясының нашарлығына бірінші кезекте көліктердің көптігі кінәлі деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз