Абай облысында полицей айдаладан үш жасар бала тауып алған

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Абай облысында полицей айдаладан үш жасар бала тауып алған / Фото: Абай облысы полициясы

Абай облысында ат мінген полицей елді мекеннен үш шақырым жердегі айдаладан үш жасар баланы тапты.

Өңірлік полиция департаменті хабарлағандай, бала ауладан үлкендерге байқатпай шығып кетіп, жоғалып кеткен. Туыстарының айтуынша, іздеу жұмыстары таңертең ерте басталған. Сағат 11:00 шамасында олар полицияға жүгінген, содан кейін бірден барлық күштер жұмылдырылды.

Полицейлер қырды шарлап, аумақтың әр метрін мұқият тексерді. Жағдайды уақыттың тығыздығы қиындатты – бала ашық жерде бірнеше сағат бойы жалғыз қалып қоюы мүмкін еді.

Бірнеше сағаттан соң сәбиді Ақсуат аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі, полиция майоры Бақытбек Лиясқанов тапты.

Ат үстіндегі полицей айдаладан кішкентай баланы байқап қалған. Бала елді мекеннен шамамен үш шақырым жерде жалғыз болған. Ол аман, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ – бала жай ғана адасып кеткен.

«Оның дәл осы маңда екенін жүрегіммен сезіндім. Мені не жетелегенін білмеймін… бірақ сәби жатқан жаққа қарай жетеледі. Өзімді батыр санамаймын – мен тек өз жұмысымды істедім. Бірақ қатты уайымдағаным рас, өйткені мен де әкемін», – деп ағынан жарылды офицер.

Бұған дейін Ақтөбе облысында сүңгуірлердің, кинологтардың, дрондар мен тікұшақтың көмегімен бір аптадан астам уақыт бойы жоғалған баланы іздеп жатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз