Атырау облысында ірі қарадан ауру шығып, өңірден шығаруға тыйым салды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Атырау облысы, Исатай және Құрманғазы аудандарында 6 мың ірі қарадан ауру анықталды. Қазір алты сиыр өлген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ауырған малдың аузынан сілекей ағып, ауыз қуысының шырышты қабығында жаралар пайда болған. Сараптама қорытындысы бойынша жануарларға инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылды.

«Осыған байланысты қазіргі таңда емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Исатай және Құрманғазы аудандарында бүгінгі күні мал басының 80 пайызы сауықты, тағы 500-ге жуық бас емделуде. Жалпы, облыс ішінде мал тасымалдауға рұқсат берілген, алайда көрші өңірлерден мал әкелуге және сыртқа шығаруға әзірге тыйым салынды», – деп атап өтті Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Үш күн бұрын ғана Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң өңірінде аусыл ауру тарап жатқанын жазған едік. Көрші ел ауру тарап кетпес үшін 6 мыңнан астам ірі қараны өлтірген. Жергілікті билік дерт Қытаймен шекаралас Қазақстан мен Ресей жақтан келді деп отыр.

Аусылға шалдыққан малдың ауыз қуысында жаралар пайда болып, аузынан созылмалы, көпіршікті сілекей ағады. Атыраудағы ірі қараға қойылған инфекциялық ринотрахеит диагнозына ұқсас. Осыған қатысты Kursiv Media Ауыл шаруашылық министрлігіне, Денсаулық сақтау минстрлігіне сауал жолдады.

Сондай-ақ оқыңыз