Пилоттық жоба: ЖИ енді сарбаздардың бойындағы агрессияны байқай алады

Жарияланды
фото: polisia.kz

ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жасанды интеллект жүйесін енгізе бастады.

Пилоттық жүйе Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Жүйе қолданыстағы камераларға қосылып, бейнеағынды тәулік бойы үздіксіз талдайды.

Ол сарбаздардың күнделікті жүріс-тұрысын, мінез-құлқын және эмоциялық жағдайын саралаумен ерекшеленетіні айтылды.

«Яғни, жүйе тек бейнені тіркеп қана қоймай, сарбаз бойындағы өзгерістерді де анықтап, мінез-құлықтағы күмәнді белгілерге талдау жасайды. Егер сарбаздардың әрекетінен агрессия байқалса, жасанды интеллектке негізделген жүйе бөлім командирлеріне, тәрбиешілер мен психологтарға мессенджер арқылы сигнал жібереді. Бұл дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Абдилов.

Бейнематериалдар арнайы платформада сақталмақ. Егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, оны басқа әскери бөлімдерге де енгізу жоспарланып отыр.

Бүгінде жасанды интеллект қоғамдық өмірдің барлық дерлік саласына батыл түрде еніп жатыр. Бұған дейін мемлекеттік басқаруға қалай енгізіліп жатқанын жөнінде жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз