Тимур Турлов: Freedom Holding компаниясының активі он жылда 12,5 млрд долларға жетті

Freedom Holding компаниясы 10 жылда активін 12,5 млрд долларға жеткізіп, клиент санын 11 миллионнан асырған. Сонымен қатар Nasdaq-тағы акция бағасы шамамен 10 есе өсті. Бұл туралы Freedom Inside 2026 форумында Freedom Holding Corp. халықаралық қаржы тобының негізін қалаушы әрі иесі Тимур Турлов мәлімдеді.
Компания 21 елде жұмыс істейді, нарықтық капитализациясы 9,5 млрд долларды құрайды. Ал соңғы 12 айдағы табысы 2 млрд доллардан асқан.
«Егер маған мұндай көрсеткіштерді 10 жыл бұрын айтса, сенбес едім. Бұл өзімізге сенбегендіктен емес, мұндай нәтиже өте сирек кездесетіндіктен. Бұл жолды қысқа уақытта жүріп өту – үлкен сәттілік. Мұның біздің елде жүзеге асқанына қуаныштымын. Бұл қазір бизнес жүргізіп жүрген немесе енді бастағалы жатқан жастарды шабыттандырады», – дейді Турлов.
Ол компанияның Nasdaq-қа дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрғанын айтты: 2015–2016 жылдары компания жария мәртебесіне ие болған, ал 2019 жылдың қазанында Nasdaq биржасында листингтен өткен.
Сол кезде акция бағасы 14–15 долларды құраса, 2026 жылдың сәуірінде 150 доллардан асып, шамамен 10 есе өскен.
«Бұл жетістіктің артында үлкен әрі талантты команданың еңбегі тұр. Бірақ мен бүгін өткен жетістікті атап өту үшін келген жоқпын. Бұл тарих әлі аяқталған жоқ. Біздің компания мен акцияларымыздың өсу әлеуеті әлі де жоғары. Сонымен қатар, біз неге әлі толық бағаланбай отырмыз деген сұраққа да тоқталғым келеді. Бұл жіберген қателік және әлеуеттің жоқтығынан емес. Керісінше, бізді бір қарағанда түсіну қиын, өйткені біз классикалық бизнес модельдерге ұқсамаймыз. Бұл әрі қиындық, әрі мүмкіндік», – дейді компания басшысы.
Оның айтуынша, компанияның даму жолы бірегей және нақты нарықтағы баламасы аз. Кейбір бағыттарда компания қалыптасқан көрсеткіштерден де озып кеткен. Сондықтан ол компанияны тек нақты сандар арқылы емес, оның мәні мен стратегиясы арқылы түсіндіру маңызды екенін атап өтті.
«Инвесторлармен, әсіресе бізді алғаш рет көріп отырғандармен сөйлескенде, көбіне үш түрлі реакцияны байқаймын. Көпшілігі бізді бірден түсіне бермейді, өйткені үйреншікті модельдерге ұқсамаймыз. Бірақ осы ерекшелік – басты артықшылығымыз. Олар бүгінгі деңгейге жеткізді және болашақта одан әрі өсуге мүмкіндік береді», дейді Тимур Турлов.
Компанияның тағы бір ерекшелігі – ішкі құрылымында қатаң басқару вертикалінің болмауы. Командада дербес шешім қабылдай алатын мықты мамандар көп, олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша жоғары қарқынмен жұмыс істейді. Бұл компанияның сыртқы динамикасынан да байқалады.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметшілерге бағытталған бағдарламалар туралы айтқанын хабарлаған едік.