Алғаш рет Қазақстандағы ең бай әйелдердің тізімі жасалды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж kursiv media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Forbes Kazakhstan алғаш рет Қазақстандағы ең бай әйелдердің рейтингін жариялады. Тізімге дәулеті миллион доллар деп бағаланған 25 әйел енген.

Редакция зерттеуінше, рейтинг қатысушыларының 90%-ға жуығының дәулеті мұрагерлікпен келген, бизнес топтарда үлесі бар немесе некелескеннен кейін пайда болған. Дегенмен олар жай ғана бір үлеске ие болып отырған жоқ, белгілі бір бағытты дамытып, жаңа өнімдер қалыптастырып, бизнесті әртараптандырады.

Рейтинг қалай әзірленді?

Бастапқыда 180 әйел кәсіпкерден тұратын тізім дайындалған, оның ішінен тек 25-і таңдалған. Оларды таңдап алудағы негізі шарт – компанияда белгілі бір үлес иесі немесе бенефициарлық қатысушы ретінде активті басқаруы.

Рейтингке қатысушылардың жалпы капиталы шамамен 8,1 млрд доллар. Бұл дәулеттің жартысынан астамы яғни жалпы көлемнің 67%-ы бір қатысушыға тиесілі. Ал алғашқы бестік жалпы капиталдың 87%-ын құрайды. Қатысушылардың негізгі бөлігінің дәулеті 30 млн мен 200 млн доллар аралығында.

Рейтингтегі іскер әйелдердің орташа жасы – 54 жас. Қатысушылардың жасы 2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша көрсетілген.

Алғашқы бестік

Рейтингтің көш басында 5,4 млрд доллармен Динара Құлыбаева тұр. Ол – тізімдегі жалғыз миллиардер әйел. Динара жұбайы Тимур Құлыбаевпен (биылғы миллиардерлердің жаһандық тізімінде №780) бірге «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ арқылы Halyk Bank-тің 61,99% үлесіне иеленеді. Одан бөлек жылжымайтын мүлік саласында да активтері бар.

Екінші орында – 66 жастағы Мұхадасқан Ибрагимова. Ол ұлдары Достан, Даврон, Шухрат және Фурхатпен бірге  Eurasian Resources Group-тың 20,7 %-ын иеленеді. Дәулеті 650 млн доллар.

Үшінші орында – 550 млн доллар дәулеті бар Дариға Назарбаева. Ұлы Нұрәлимен (Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде №39) бірге «Европа плюс Қазақстан» ЖШС радиохабар таратушысына иелік етеді. Осы компания арқылы ол НТК телеарнасы, және «Радио Монте-Карло», «Хит FM Қазақстан» радиосын басқарады.

Төртінші орында – 249 млн доллар байлығы бар, 42 жастағы Анжела Сәрсенова. Оған ел бойынша 270-тен астам жанармай бекетін қамтитын «Helios» желісі, «Француз үйі» және «Beautymania» желілері, сондай-ақ «Oil Real Estate» ЖШС тиесілі.

Бестікті 44 жастағы Айжан Есім түйіндейді. Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтың қызының байлығы 207 млн долларға тең. Оның негізі байлығы «Қазфосфат» ЖШС-дағы үлесі арқылы келеді.

Бұдан бөлек тізімде кәсіпкер Гауһар Қаппарова, Алматы қаласының тағы бір экс-әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнұр Досаева, бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың жұбайы Сәуле Сейсембаева, кәсіпкер Райымбек Баталовтың анасы Эленора Баталова бар.

Тізімді Сергей Канның жұбайы, зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісін басқаратын Жанна Кан қорытындылайды. Оның кәсібі жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз