«Семей орманы» резерватының материалдық-техникалық базасы қалай нығайтылды

Жарияланды
фото: үкіметтің баспасөз қызметі

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерват паркі 100% заманауи техникамен жаңартылды. Бұл туралы резерваттың бас директоры Қазбек Әметов Абай облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министр Олжас Бектеновке айтты.

Орманды қорғау мен сақтаудағы заманауи шешімдер

Олжас Бектенов сапар барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, президенттің ормандарды сақтау және қорғауда заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерген.

фото: үкіметтің баспасөз қызметі

Оған резерват аумағында орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған, ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйені пилоттық режимде енгізу нәтижелері таныстырылған. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез-келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.

Резерват мамандары өрт сөндірушілермен бірлесіп, цифрлық технологиялардың тиімділігін және өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті. Оның ішінде төмендегідей мүмкіндіктер таныстырылды:

  • бейнемониторинг кешендері тәулік бойы өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде анықтайды;
  • өрт немесе түтін анықталған жағдайда жүйе Жедел басқару орталығына бірден сигнал жолдайды;
  • орталық камералардан алынған кескіндер нақты уақыт режимінде көрсетіледі.

Іс-шара барысында өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатқаны айтылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес біз орман қорын қорғаудың түбегейлі жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ол барлық қауіпті аймақтарды қамтуға тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

фото: үкіметтің баспасөз қызметі

«Семей орманы» резерватының материалдық-техникалық базасы қалай нығайтылды

«Семей орманы» МОТР бас директоры Қазбек Әметов соңғы екі жылда резерват паркі 100% заманауи техникамен жаңартылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда оның тозу мәселесі толығымен шешілген, мәселен, 2023 жылы ол 85%-ды құраған.

фото: үкіметтің баспасөз қызметі

Паркке кіретін техника:

  • 39 жаңа өрт сөндіру машинасы;
  • 26 шағын өрт сөндіру кешені мен аспалы жабдығы бар 10 трактор;
  • «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның үш тікұшағы;
  • 82 өрт сөндіру автомобилі;
  • 49 шағын орман патрульдік кешені;
  • 187 трактор (оның ішінде 70-і өрт сөндіру үшін);
  • 49 патрульдік машина және т.б.
фото: үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет Қазақстанда өртке қарсы техникаларды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2024-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,5 млрд теңге бөлген. Нәтижесінде орман шаруашылықтарының ел бойынша жаңа техникамен қамтамасыз етілуі 87%-ға жеткен. Орман шаруашылықтарынна 92 өрт сөндіру машинасы, 118 шағын орман патрульдік кешені, 244 трактор, 240 патрульдік машина және 3 мыңнан астам басқа да техника мен жабдық сатып алынған. Лизинг қаражаты есебінен 1057 өртке қарсы техниканы сатып алуға 35 млрд теңге бөлінген, осы жылдың мамыр айының соңына дейін бүкіл ел бойынша бұл жұмыстарды толық аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз