Министрлік Атыраудағы ірі қара арасында тараған ауруға қатысты пікір білдірді

Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырау облысында мал арасында тарап жатқан ауру туралы қауесетті теріске шығарды. Ведомство Kursiv Media-ға берген жауабында белгісіз дерт емес нақты диагноз туралы сөз болып отырғанын және жағдай жыл басынан бері бақылауда екенін мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің хабарлауынша, жыл басында Исатай және Құрманғазы аудандарында ірі қара малдан ауру анықталған. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылды.
«Ауылдық округ әкімінің шешімімен шектеу іс-шаралары енгізілді. Өңірде республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандары жұмыс істеп, кешенді сауықтыру шараларын ұйымдастырып жатыр. Шаруашылықтарда барлық мал басын клиникалық тексеру ұйымдастырылды, сезімтал жануарларға вакцина егу, сондай-ақ ауырған малды емдеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда мал басының 90%-дан астамы егілді. Оң динамика байқалады: ауырған жануарлардың шамамен 96%-ы сауығып кетті», – деп хабарлады ведомстводан.
Малды қалай емдейді және вакцинациялайды?
Ветеринарлық талаптарға сәйкес, инфекциялық ринотрахеит анықталған кезде жануарларды сырттан әкелуге және шығаруға шектеу қойылады. Үй-жайлар мен құрал-саймандарды міндетті түрде дезинфекциялайды, санитарлық бекеттер орнатылады. Сүтті тек пастерлеуден кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі, барлық өнім қатаң бақылаудан өтеді. Ведомство мәліметінше, жағдай толық тұрақталғаннан кейін, соңғы мал сауыққан сәттен бастап кемінде 30 күн өткен соң ғана барлық шектеу алынады.
Күні кеше Атырау облысы, Исатай және Құрманғазы аудандарында 6 мың ірі қарадан ауру анықталғанын жазған едік. Ауырған малдың аузынан сілекей ағып, ауыз қуысының шырышты қабығында жаралар шыққан. Одан үш күн бұрын Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң өңірінде аусыл ауруы тарағаны хабарланған. Жергілікті билік ауру Қазақстаннан келді деп отыр. Инфекциялық ринотрахеит пен аусыл екеуінің де симптомдары ұқсас.