Миллионердің анасы алтын өндіруші компания қожайындары қатарынан шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Компания игеретін кен орнында шамамен жеті тонна алтын бар / фото: goldencompass.kz

Қазақстандағы бай адамдардың бірінің анасы Марқаба Дәуітова Golden Compass Capital компаниясының басты қожайындары қатарынан шығып қалды. Ол басты акционер қызметін 2 ай, үш күн ғана атқарды.

Қожайындар ауысты

Алтын кен орнын игеретін компанияның басты акционерлерінің құрамы 8 сәуірде өзгерді. Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында бейсенбі күні кешке жарияланған құжатқа сәйкес, Марқаба Дәуітова енді Golden Compass Capital қожайындарының бірі емес. Оның орнына кәсіпкер Әлімжан Мұхамадиев келді. Ал Елена Дикаревич болса алтын өндіруші компанияның қос акционерінің бірі болып қала береді.

Естеріңізге сала кетейік, Kursiv.Media Дәуітованың 2026 жылғы 5 ақпанда компания қожайындарының бірі атанғанын жазған. Ол компанияның қарапайым акцияларының 75%-ын иеленген. Бұған дейін құнды қағаздар Жанат Бұранғалиеваның қолында болған.

Миллионердің анасы

Дәуітованың ұлы Айбар Дәуітов – Golden Compass компаниялар тобының басшысы. Айбар осыдан 13 жыл бұрын 155 млн доллармен Forbes Kazakhstan-ның дәулеттілер тізімінде 38-орыннан көрінген. Сол кезде ол «Казкоммерц Инвест» басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі, Homefinance компаниясының жалғыз қожайыны болған. Ал оның анасы Марқаба 2012 жылы да Golden Compass Capital акцияларының 70%-на иелік еткен.

Golden Compass Capital түсімі 2024 жылы 11,3 млрд теңге болды. Оның екі еншілес компаниясы бар: Golden Compass Jambyl және Golden Compas Taraz. Компания Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көккия алтын кен орнын игереді.

Сондай-ақ оқыңыз