Азия чемпионаты: Айбек Оралбай ел қоржынына төртінші алтынды салды

Моңғолия астанасында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды. Аса ауыр салмақтағы (+90 келі) финалдық айқаста ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атанды.
Капитанның жеңісті жолы
Айбек Оралбай ақтық сында Қытай өкілі Данабике Байикевузимен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысы жерлесіміздің толық басымдығымен өтті.
Бірінші раундта Айбек 3:2 есебімен алға шықты. Екінші раундта соққыларын дәл дарытқан отандасымыз басымдығын нығайта түсті. Үшінші раундта Айбек қарсыласын сұлатып, нокдаунға жіберді. Төрешілер бірауыздан жеңісті Қазақстан капитанына берді.
Азия чемпионатының қорытындысы
Қазақстан ерлер құрамасы биылғы Азия біріншілігінде 8 медаль алып (4 алтын, 1 күміс, 3 қола) табысты аяқтады.
Оразбек Асылқұлов (60 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Айбек Оралбай (+90 келі) алтын медаль алса, финалда алғаш рет жеңілген Төрехан Сабырхан (70 келі) күміс медаль, жартылай финалдан өте алмаған Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) қола жүлдегер атанған еді.