Курчатов «ғылым қалашығы» мәртебесін алады

Абай облысындағы Курчатов қаласы «ғылым қалашығы» мәртебесіне ие болады. 10 сәуірде ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.
«Ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді мемлекет басшысы. Оның айтқандарын Ақорда таратты.
Тоқаев инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет деп есептейді.
«Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі», – деді ол.
Президент білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн деп отыр. Негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі.
Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан Курчатов ұзақ уақыт бойы жабық қала болды. Ол алғашқы атом және термоядролық бомба сыналған алқаптан бар болғаны 45 км қашықтықта орналасқан.