Қазақстанда тағы бір жаңа орден пайда болды

Қазақстанда тағы бір жаңа орден пайда болды. Әлемге әйгілі ойшыл атындағы «Әл-Фараби» ордені білім мен ғылым, мәдениет пен руханият салаларында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 сәуірде ғалымдарды марапаттау салтанатында жаңа орден енгізуді ұсынды.
«Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше.
Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын», – деді мемлекет басшысы. Оның сөзін Ақорда таратты.
Президенттің айтуынша, «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылады.
Тоқаев «Мейрім» орденін 2025 жылғы 5 желтоқсанда, ал «Қожа Ахмет Ясауи» орденін 2026 жылғы 21 наурызда ұсынған.
Әбу Насыр Әл-Фараби IX-X ғасырларда өмір сүрген ойшыл, философ әрі көп саланы меңгерген ғалым. Ол Отырар қаласында туған.