Тоқаев пен Мирзиёев Бұхарада бейресми кездесу өткізеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеёв
Қазақстан және Өзбекстан президенттері / фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев 11 сәуірде Бұхара қаласында бейресми кездесу өткізеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Астана мәліметі

«Мемлекет басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр», – делінген шағын ресми мәліметте.

Ташкент мәліметі

Бұл уақытта Өзбекстан президентінің ресми сайтында Мирзиёев 10 сәуірде Бұхара қаласына ұшып шыққаны туралы мәлімет жарияланды. Онда қазақ президенті жұмыс сапарымен елге келе жатқаны айтылған.

«Өзбек-қазақ достық қарым-қатынасын, стратегиялық әріптестік және одақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саяси диалогты, парламентаралық, үкіметаралық және аймақаралық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді», – деп хабарлады ресми Ташкент.

Бұған қоса, көрші ел басшылары сауда айналымын, өнеркәсіп кооперациясы, бірлескен жобаларды арттыру мәселелерін де қозғайды. Бұған қоса, олар «халықаралық және аймақтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады».

Көрші елдер достығы

Қазақстан мен Өзбекстан 1992 жылғы 23 қарашада дипломатиялық байланыс орнатты. Ал 1998 жылы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы көрші елдер Стратегиялық әріптестік туралы шарттасса, 2022 жылы Одақтастық қатынастар туралы маңызды құжат қабылдады.

Қазақстан кейінгі жиырма жылда Өзбекстан экономикасына 1 млрд доллар инвестиция құйды.

Сондай-ақ оқыңыз