2027 жылы Қазақстандағы инфляция 9,5 пайызды құрауы мүмкін

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы инфляция 9,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал/фото: АДБ

«Азия даму банкінің» Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумардың болжамына сәйкес, 2027 жылға қарай Қазақстандағы инфляция 9,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал.

«2025 жылы инфляцияның өскені байқалды. Алдағы уақытқа арналған болжамымыз бойынша, биыл инфляция қарқыны баяулап, 2027 жылға қарай оның деңгейі 9,5%-ға дейін біртіндеп төмендейді. Ақша-несие саясаты тұрғысынан айтсақ, Қазақстанның Ұлттық банкі қаржы нарығын реттеуші органмен бірге бұл мәселеге аса қырағылықпен қарап отыр деп ойлаймын», –  деді ол.

Утсав Кумар қазір Қазақстанға келетін  тікелей инвестиция негізінен мұнай-газ және өндіруші секторларға құйылып жатқанын атап өтті. Ал басқа инвестиция экономикаға көбіне мемлекеттік бюджет есебінен бөлінеді.

«Инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жұмыс істеу қажет сияқты. Тікелей шетелдік инвестицияны арттыру үшін қандай ұсыныстар бар және негізгі проблемалар қандай деген сұрақ туындайды. Инвестициялық ахуалды жақсарту тұрғысынан, біз үкіметтің түрлі құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз. Мысалы, өңірлердегі инвестициялық тартымдылық индексін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл әртүрлі өңірлердегі мәселелерді, қай өңірлердің көрсеткіші жақсы екенін және қай тұстарда олқылықтар бар екенін анықтауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Экономиканың өсу қарқыны баяулаған

АДБ бағалауы бойынша, ішкі жалпы өнім 2026 жылы 4,8% және 2027 жылы 4,5% өсуі ықтимал. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы 6,5%-бен салыстырғанда төмен. Экономикаға мемлекеттік инвестиция мен квазифискалдық шаралар қолдау көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар, тұтынушылық несие берудің қатаңдауы, салықтың өсуі және халықтың нақты табысының анағұрлым баяу артуы салдарынан жеке тұтыну қарқыны да бәсеңдейді.

«Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулағы байқалып отыр, алайда күрделі сыртқы конъюнктура аясында тұрақтылықты сақтап отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты жаһандық жеткізу тізбегіндегі үзілістер экономикалық өсімді тежеп, инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға, бәсекелестікті күшейтуге және өңірлік интеграцияны дамытуға бағытталған құрылымдық реформаларды іске асыру маңызды», – деді ол.

Инфляция төмендегенімен, тәуекелдер сақталады

Болжам бойынша, инфляция қатаң ақша-несие саясатының сақталуы, салық қысымының әлсіреуі және инфляциялық күтулердің тұрақтануы аясында 2025 жылғы 11,4%-дан 2026 жылы 10,4%-ға және 2027 жылы 9,5%-ға дейін біртіндеп төмендейді.

Инфляцияның қайта серпілуіне немесе бағаның өсуіне қатысты қауіптің күшеюіне бірнеше негізгі себеп әсер етуі мүмкін. Біріншіден, мемлекеттік бюджет шығынын үнемдеу шараларының босаңсуы нарықтағы ақша массасын арттырып, бағаға қысым түсіреді. Оған қоса, коммуналдық қызмет тарифтерінің жоспарлы түрде көтерілуі мен теңге бағамына түсетін салмақтың қайта артуы жағдайды қиындата түспек. Осы факторлардың жиынтығы халық пен бизнес арасында «алдағы уақытта бәрі қымбаттайды» деген инфляциялық күтімді оятып, жалпы экономикалық тұрақтылыққа кедергі келтіруі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз