Жамбылдық бұрынғы сүйіктісіне сыйлаған 2,5 млн теңгесін қайтаруға сотқа жүгінді

Жамбыл облысында тұрғынның бұрынғы сүйіктісінен ақшаны қайтару туралы талап арызы қаралды, деп хабарлады өңірлік соттың баспасөз қызметі.
Ер адам бойжеткенмен 4-5 айдай қарым-қатынаста болғанын және отбасын құруды жоспарлағанын айтқан. Осы уақыт ішінде ол бойжеткенге және оның балаларына материалдық көмек ретінде ақша аударып тұрған. Айрылысқаннан кейін ер адам барлық ақшаны қайтаруды талап еткен, бірақ бойжеткен бас тартып, оны бұғаттап тастаған.
Талап арызда тұрғын 2,5 млн теңгені және мемлекеттік баж салығын өндіруді сұраған. Бойжеткен болса, ер адамның ақшаны өз еркімен бергенін және ол қаражаттың дәрі-дәрмекке, киім-кешекке және басқа да қажеттіліктерге жұмсалғанын түсіндірді.
«Ақша өз еркімен аударылған және қайтарымсыз материалдық көмек сипатында болған. Ер адам ақшаның қайтару шартымен берілгеніне дәлел келтіре алмады. Сот шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды», – делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді.