Тоқаев Дональд Трамп-ты «Артемида-2» миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа «Артемида-2» ғарыш миссиясының сәтті аяқталуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы аталған миссияны соңғы жарты ғасырдағы Айға жасалған алғашқы пилотталған ұшу ретінде атап өтіп, оның ғарышты игеру тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін жеткізді.

Тоқаев өз жеделхатында америкалық ғылымның озық жетістіктеріне жоғары баға беріп, мұндай табыстар адамзаттың таным көкжиегін кеңейтіп, әлем бойынша ғалымдар мен инженерлердің жаңа буынына шабыт беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Дональд Трампқа «Артемида» бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруда және басқа да ғарыш саласындағы бастамаларында табыс тіледі.

Еске сала кетейік, «Артемида-2» миссиясының астронавттары Жерге сәтті оралып, Тынық мұхитына қонды. Бұл – соңғы 50 жылдан астам уақыт ішінде Айға ұшып барып, қайта оралған алғашқы пилотталған миссия.

Сондай-ақ оқыңыз