Шавкат Мирзиёев: «Тоқаевтың реформалары мен Әділетті Қазақстан идеясын қолдаймыз»

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: @Press_Secretary_Uz

Көне Бұхара төрінде өткен Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының кездесуінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басқарудағы стратегиялық қадамдарына жоғары баға беріп, бауырлас халықтың қолдауын жеткізді.

Экономикалық серпіліс пен цифрландыруға құрмет

Шавкат Мирзиёев Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық жетістіктеріне ерекше тоқталды. Ол әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасының 300 млрд доллардан асуын үлкен көрсеткіш деп атады.

«Шикізаттық емес сектор жанданып, шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жуықтады. Бұл – жүйелі реформалардың жемісі. Әсіресе, Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бастамалар өңір үшін үлгі боларлық іс», – деді Өзбекстан басшысы.

Өзбекстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейдегі саяси тұлғасын жоғары бағалады. Ол Президенттің жақында ғана National Interest басылымында жарияланған мақаласын ықыласпен оқып шыққанын айтып, ондағы прагматизм мен ашықтық туралы ойлармен толық келісетінін білдірді. Мирзиёевтің пайымдауынша, Тоқаевтың инвестиция мен тұрақты дамуды ұштастыру стратегиясы – қазіргі заман талабына сай ең тиімді жол.

Келіссөздердің басты нәтижелері

Екі ел басшылары тек жылы лебіздермен шектелмей, нақты салалар бойынша ынтымақтастықты егжей-тегжейлі талқылады:

  • Экономика: Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа «Жол картасы» қабылданатын болды.
  • Өндіріс: Сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы бірлескен жобалар.
  • Инфраструктура: Көлік-транзит, су-энергетика және ІТ секторындағы ықпалдастық.
  • Гуманитарлық сала: Туризм мен мәдени байланыстарды нығайтуға басымдық берілді.

Кездесу соңында тараптар екі ел үкіметтерінің өзара іс-қимылын арттыруға уағдаласты. Шавкат Мирзиёев бұл сапар ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достықтың дәлелі екенін және ашық келіссөздер аймақтық тұрақтылықтың негізі болатынын атап өтті.

Айта кетейік, Өзбекстанға жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Бұхарада салтанатты түрде қарсы алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз