Мәйіті екі жыл бұрын Жайықтан табылған оқушының анасы әділдік іздейді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сана Мерланның анасы екі жылдан бері әділдікке жете алмай жүргенін айтты/фотоны марқұмның туыстары ұсынды

Атырау облысында 2024 жылы жетінші сынып оқушысы Мерлан Сана Жайыққа кетіп қайтыс болды. Содан бері қылмыстық іс үш рет қозғалып, жабылған. Марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева қазаның мектепте оқитын қызының да психологиясына да әсер еткенін айтады. Сөзінше, қызы кейінгі екі жылда мектепке бармаған. Бұған себеп – мектепте қайғылы жағдайға душар болады деген қорқыныш.

Істің мән-жайы

13 жастағы Мерлан Сана 2024 жылы 21 тамызда қайтыс болған. Ол кезде 7-сынып оқитын бала құрдастарымен бірге Жайықтың жағасына барған. Содан кейін суға кетіп, мәйіті төрт күннен кейін табылған.

Марқұмның анасы ұлының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Тіпті кімнен күдіктенетінін де айтып отыр. Алайда істе ешкім «күдікті» деп танылмаған. Қылмыстық іс бастапқыда қылмыстық кодекстің 104-бабы «абайсызда қазаға ұшырату» бойынша қозғалған.

Істегі адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, құқық қорғау органдары жасөспірімнің абайсызда қазаға ұшырату бабы бойынша жауапқа тартылмайтынына сүйеніп, істі жауып тастаған.

«Анасының қолындағы дәлел-дәйектер әрекеттің қасақана жасалғанын көрсетеді. Мерланды алдын ала шақырғанын, оған дейін араларында жанжал болғанын дәлелдеп тұр. Сол дәлел негізінде істі қайта ашып, қылмыстық кодекстің 99-бабына ауыстырғымыз келеді», – дейді Инга Иманбай.

Иманбайдың айтуынша, 2025 жылдың 14 сәуірінде қылмыстық іс «қылмыс құрамының болмауына байланысты» жабылды.

«Тергеушілердің мұндай шешімі заңға ғана емес, қарапайым адамгершілік пен әділетт қағидаттарына да қайшы келеді. Марқұмның анасына тергеушілер «Балалар кәмелетке толмаған, олар сотталмайды» деген. Алайда қылмыстық кодекске сәйкес, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері, ұрлық, қарақшылық, тонау және басқа да ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады.

Яғни, Сану Мерланды қасақана суға итеріп жіберген жасөспірімдер заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. «Кәмелетке толмаған» ұғымын ақтау ретінде көрсету – заңды бұрмалау», – дейді Инга Иманбай.

«Кешірім беруімді талап етті»

Анаргүл Қасантаеваның KursivMedia тілшісімен әңгіме барысында 2024 жылдың қыркүйегінде болған тағы бір жағдайды есіне алды. Сөзінше, ұлы қайтыс болғаннан кейін баласы оқыған мектеп директоры ата-аналар жиналысына шақырған.

«Сол кезде «баламды жер қойнына тапсырғаныма бір апта енді болды, бара алмаймын» дедім. «Қызыңызға қатысты» деген соң бардым. Жанымда қызым да болды. Ол жерде ата-аналар жиналысы емес, баламды өлтірген Ж.Б.-ның (спикердің сөзі редакция пікірін білдірмейді – ред.) да ата-анасын шақырған екен. Оқушыны басқа кабинетке кіргізіп қойыпты. Мектептің директоры менің кешірім беруімді талап етті. «Жайықтың жағасында не болғанын сіз де білмейсіз, мен де білмеймін» деді. «Осы істі әріге апармаңыз, балалық қой» деді», – дейді Анаргүл Қасантаева.

Анасының сөзінше, 16 жастағы бала 13 жастағы Мерлан Сананы Жайық жағасында күтіп алып, өлтірген.

«Кешірім бермесең, ата-ана құқығыңнан айырамын» деді. Қызым жанымда тұрды. «Есік сындырдың, терезе сындырдың» деп жала жапты. Содан кейін қызым «мектепке бармаймын» деп шешті», – дейді марқұмның анасы.

«Келесі сен боласың…»

Әйелдің айтуынша, ұлын өлтірді деп санайтын оқушы мен қызы Аянат та 10-сыныпта оқиды. Екеуі екі қабатты мектепте жиі кезігіп қалады.

«Бір көргенінде қызыма «енді сенің кезегің» деп айтыпты. Мұны сынып жетекшісіне айттым. Өзімнің үш балам бар еді, бірін жер қойнына тапсырдым. Бірі Алматыда оқып жатыр, жанымдағы қызым үшін қорқамын. Сол үшін оқуын онлайнға ауыстыруды сұрадым.

Қайта-қайта қысым жасады. Бір жыл бойы онлайн оқуға мүмкіндік бермеді. Тек оқу жылы аяқталар тұста рұқсат етті. Биылғы оқу жылында директорға «қызымды мектепке жібере алмаймын. Мектепке барса, қауіпсіздігіне сіз жауап бересіз бе?» деп сұрадым. «Жоқ, қызың үшін жауапкершілік алмаймын» деді. Содан сабаққа барған жоқ. Қызым 10-11 сыныпты мүлде оқыған жоқ», – дейді әйел.

Марқұмның отбасы қылмыстық істі (кісі өлтіру) бабы бойынша қозғап, тергеу жүргізуді сұрап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз