Астана мен Ереванды жалғайтын рейс ашылады
Жарияланды

Енді Астанадан Армения астанасына тікелей ұшуға болады. Астана – Ереван – Астана жаңа халықаралық әуе бағыты ашылады.
Бұл туралы Астана халықаралық әуежайы хабарлады.
«2026 жылғы 20 сәуірден бастап Shirak Avia әуе компаниясы аталған бағыт бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды. Рейстер аптасына бір рет – дүйсенбі күндері орындалады», – делінген ақпаратта.
Әуежайдың хабарлауынша, тікелей әуе қатынасы Қазақстан мен Армения арасындағы жолаушылардың байланысына қолайлы жағдай жасайды. Туристік, іскерлік және мәдени қатынастардың дамуына ықпал етеді.
Айта кетінін жайт, Air Astana жазғы навигация кестесіне көшкенін хабарлаған. Осы жазда қазақстандықтар Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Бодрум және Мале қалаларына жаңа маусымдық рейстермен бара алады.