Каспий құбыры арқылы мұнай экспорты наурызда 48%-ға артты

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 2026 жылдың наурыз айында мұнай айдау көлемін 6,2 млн тоннаға (тәулігіне 1,58 млн баррель) дейін ұлғайтты. Салыстырмалы түрде ақпан айында бұл көрсеткіш 3,79 млн тонна (тәулігіне 1,07 млн/баррель) болған еді.
Салалық екі дереккөздің хабарлауынша, тасымалдың өсуіне Қазақстандағы алып Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісінің қалпына келуі себеп болды. Жобаның негізгі акционері Chevron компаниясы бұл жағдай шикізатты еш іркіліссіз экспорттауға мүмкіндік бергенін атап өткен болатын.
Экспорттың құрылымы мен өткен кезеңдегі қиындықтар
Reuters мәліметінше , өткен айда КТК арқылы жөнелтілген қазақстандық мұнай көлемі 5,676 млн тоннаға жетті. Бұл тәуліктік көрсеткіш бойынша ақпан айындағы 3,663 млн тоннамен салыстырғанда 40%-ға жоғары. Ал ресейлік мұнай экспорты 0,13 млн тоннадан 0,52 млн тоннаға дейін, яғни 4 есе өскен.
Айта кету керек, соңғы айларда КТК арқылы мұнай жөнелту жұмыстары дрон шабуылы, айлақтардағы жөндеу жұмыстары және Теңіз кен орнындағы өндірістің азаюы салдарынан қиындаған болатын.
Қазақстанның Энергетика министрлігі өткен аптада экспорттың тұрақты түрде жалғасып жатқанын хабарлады, ал КҚК өкілдері жөнелту деректеріне қатысты ресми пікір білдірмеді.
Сәуір айына арналған жоспар және нарықтағы сұраныс
Каспий құбыры сәуір айында CPC Blend маркалы мұнай жеткізу көлемін тәулігіне 1,6–1,7 миллион баррельге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Таяу Шығыс елдерінен шикізат жеткізудегі іркілістерге байланысты CPC Blend мұнайына сұраныс айтарлықтай өсті.
Трейдерлердің пайымдауынша, қазіргі уақытта бұл Brent маркалы мұнай бағасына үстемемен сатылып жатыр.
КҚК Акционерлерінің үлесі
Қазақстанның шетелге сатылатын мұнайының 80%-дан астамы КТК құбыры арқылы тасымалданады. Шикізаттың негізгі бөлігі Каспийдегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан келіп, Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалында танкерлерге тиеледі.
КТК акционерлері – Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron (15%) және бірқатар жеке компаниялар.