Халықаралық білім олимпиадасы жеңімпаздарына 6,5 млн теңгеге дейін төленеді

Оқу-ағарту министрлігі халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ, олардың педагогтеріне біржолғы сыйақы төлеу тәртібін жаңартты. 2026 жылғы 30 наурыздағы тиісті бұйрық 21 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ережелердің жаңа редакциясына сәйкес, төлемдерді тағайындауды жүзеге асыратын орган болып Оқу-ағарту министрлігі белгіленді. Сыйақы дербес сипатқа ие, тек ағымдағы жылдың жетістіктері үшін тағайындалады және бір жыл ішінде қайта берілмейді. Төлемді тек Қазақстан азаматтары ғана ала алады.
Төлем алуға үміткерлер – жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, сондай-ақ, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың педагог-тәлімгерлері. Қатысу үшін тиісті сауалнаманы толтыру қажет, бұл ретте кәмелетке толмағандардың деректерін заңды өкілдері растайды.
Төлем мөлшері сақталып, жетістік деңгейіне қарай белгіленген. Мәселен, І дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерлері 1500 АЕК – 2026 жылы 6 487 500 теңге алады. ІІ дәреже және күміс медаль үшін 1000 АЕК (4 325 000 теңге), ІІІ дәреже және қола үшін – 500 АЕК (2 162 500 теңге) қарастырылған.
Халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары үшін бөлек төлемдер белгіленді – І дәрежелі диплом мен алтын медаль үшін 1500 АЕК.
Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындаған педагогтер де сыйақы алады, оның мөлшері базалық лауазымдық жалақыға (БЛЖ) байланысты. Алтын медаль алған шәкірттері үшін – 26,5 еселенген БЛЖ, күміс жүлдегерлер үшін – 17,5 еселенген, қола үшін – 8,5 еселенген БЛЖ төленеді. Халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын дайындаған педагогтер үшін де осындай төлем қарастырылған.