5 жылдық өзгеріс: ірі қара мал басы екі есе азайып кеткен

Жарияланды
Мал мен құс саны / фото: gemini generated

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мал мен құс санын жариялады. Статистика бюросының соңғы 5 жылдағы дерегін алып, Kursiv Media елдегі мал мен құс саны қаншалықты өзгергенін анықтады.

Ірі қара мен ұсақ мал басы күрт азайған

Ең үлкен соққы қой мен ешкі шаруашылығына тигенін көруге болады. Бес жыл бұрын олардың саны 26,1 млн бас болса, қазір бұл көрсеткіш 12,9 млн-ға дейін азайған. Бұл сектордағы мал санының 50,6%-ға яғни тура екі есе қысқарғанын білдіреді.

Ірі қара мал басы да осыған ұқсас динамика көрсетіп отыр. 2021 жылы 9,3 млн бас болған ірі қара 2026 жылдың сәуірінде 4,9 млн-ге түсіп 47,1 пайыздық төмендеуді көрсетті.

Шошқа мен түйе шаруашылығындағы көрсеткіштер

Статистикалық мәліметтер ішінде ең үлкен құлдырау шошқа шаруашылығында байқалады. Бес жыл ішінде бұл сала 63,8%-ға қысқарып мал саны 941,9 мыңнан 341,4 мыңға дейін азайды.

Сонымен қатар түйе шаруашылығы да айтарлықтай кері кеткен. 2021 жылғы 256,1 мың бастан қазіргі уақытта тек 178,6 мыңы ғана қалған. Яғни 30,2 пайыға азайды. Бұл деректер аталған салалардың экстенсивті даму деңгейінің төмендегенін көрсетеді.

Құс пен жылқы саны қанша

Басқа санаттармен салыстырғанда, жылқы мен құс шаруашылығы біршама тұрақтылық танытқандай. Жылқы саны бес жыл ішінде 3,5 млн бастан 2,9 млн басқа дейін азайып 16,7 пайызға кеміді.

Ал ең аз шығын құс шаруашылығында тіркелген. Мұнда құс саны 45,4 млн-нан 40,8 млн-ға түсіп жалпы көрсеткіш 10,2% ғана төмендеген. Бұл аграрлық сектордағы басқа бағыттармен салыстырғанда ең аз құлдырау болып есептеледі.

Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірледі. Оның аясында фермерлерге жылдық 6% мөлшерлемемен жаңа жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз