Соңғы бір жылда 350 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтушы тіркелді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
өз өзін жұмыспен қамтушы
фото: shutterstock

Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты елде бизнес жаппай жабылып, кәсіпкерлер шетелге миграция жасады деген әңгімелер жалған. Статистика, керісінше, өсім көрсетіп отыр. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов үкімет отырысынан кейін брифингте осындай мәлімдеме жасады.

Вице-министрдің дерегінше, 2025 жылдың 1 қаңтарында елде 2 млн 329 мың бизнес нысан болса, 1 сәуірдегі жағдай бойынша көрсеткіш 2 млн 663 мыңға жеткен. Яғни, небәрі үш айдың ішінде кәсіпкерлер саны 334 мыңға артқан.

«Ресми түрде жаппай жабылу немесе өзге елдерге көшу үрдісі байқалмайды. Керісінше, бірінші тоқсанда 348 мың жаңа өзін-өзі жұмыспен қамтушы пайда болды. Бұл – олардың өз бизнесін заңдастырып, көлеңкеден шыққанының белгісі», – деді Ержан Біржанов.

Қазіргі уақытта жалпы саны 410 мың өзін-өзі жұмыспен қамтушы бар. Олардың бір бөлігі бұрын жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелгендер болса, басым бөлігі – алғаш рет ресми есепке тұрғандар. Вице-министр Салық кодексіне қатысты сын-пікірлердің бар екенін жасырмады, алайда түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын, «Халықтық бухгалтер» акциясы аясында кәсіпкерлерге кеңес беріліп жатқанын атап өтті.

Кей сарапшылардың сөзінше, жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен бастап елде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны айтарлықтай көбейген. Оған себеп – жұмыс берушілер қызметкерлерін штаттан шығарып, кейін оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркетеді. Мемлекеттік кірістер комитеті наурызда мәселені тексеруге уәде берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз