Тоқаев тағы да Алакөл мен Балқаштағы демалыс орындарын реттеуді тапсырды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Бейбіт Исабаев
фото Ақорда

Бүгін Ақордада Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады. Өңір басшысы Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Исабаевтың сөзінше, 2025 жылы Жетісуға 610 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,8% артық. 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асырмақшы. Оның ішінде құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары мен басқа да жобалар бар.

Қазір Ақсу, Көксу қант зауыттарының өндіріс қуатын 2 есе арттырып, жылына 950 мың тонна өнім шығаратын деңгейге жеткізбекші.

Жетісуды газдандыру 67,2% болды

Облыс әкімінің дерегінше, өңірді газдандыру деңгейі 67,2% болды. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры тартылып, 650 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

Қазір Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 шақырымдық жол жөнделіп жатыр. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс үш экопарк салып, 121 мың ағаш егу жоспарланған.

Өз кезегінде Тоқаев Қытаймен шекаралас «Достық» бекетіндегі және «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру тапсырды. Одан бөлек Алакөл, Балқаш көлдері жағалауындағы демалыс орындарын, тау туризмін дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Осы айда Абай облысының әкімі Берік Уәли Алакөл инфрақұрылымын дамытуға былтырғыдан 10 есе көп ақша жұмсалатынын айтқан еді.

2025 жыл қорытындысы бойынша, Балқаш туристік аймағы және Алакөл курорт аймағы (Жетісу облысы)  ең үздік курорттардың қатарына кірді.

Сондай-ақ оқыңыз