Миллиард теңге салық: блогерлердің табысы тексеріліп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

Қазақстандық кейбір блогерлерге қатысты салық тексеруі жалғасып жатыр. 600-ден аса блогер 1 млрд теңге салық төлеген.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, тексеру басталғалы салық органдары 854 блогерге табысты төмендеткені үшін жалпы сомасы 72 млрд теңге болатын 1 586 хабарлама жолдаған.

«Бүгінгі таңда олардың 622-сі қосымша салық декларацияларын тапсырды. Олар табыстарын 18,3 млрд теңгеге арттырып, қосымша 1 миллиард теңгеге дейін салық төледі. Сондай-ақ оларға тағы шамамен 600 млн теңге төлеу міндеттелді», – деді Ержан Біржанов.

Ержан Біржановтың айтуынша, қазіргі уақытта 7 блогерге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оларға қосымша есептелген салық сомасы 10 млн теңгеден асады.

«Қазір тексеру шаралары жүргізілуде. Егер осыдан кейін де төлемдер ерікті түрде өтелмесе және көлемі ірі болса, материалдарды құқық қорғау органдарына жіберу арқылы өндіріп алу немесе процессуалдық шешімдер қабылданады», – деді ол.

Вице-министр блогерлердің аты-жөндерін салық құпиясына байланысты жариялаған жоқ.

Мұның алдында салықшылар табысын жасырған блогерлерден 500 млн теңге өндіріп алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз