Беларусь Алматыда Бас Консулдығын ашады

Алматыда Беларусь Республикасының Бас консулдығы ашылады. Бұл туралы Тоқаев пен Беларусь сыртқы істер министрі Максим Рыженковтың Ақордадағы кездесуінде айтылды.
Қазақстан президенті Алматыда Бас консулдық ашу жоспарын құптап, жоба мемлекеттер арасындағы байланысты кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Бұдан бөлек Қазақстан өнімдерін экспорттау мәселесіне ерекше назар аударылды. Былтырғы қорытынды бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 30% артып, 1,2 млрд доллар құраған.
Екі тарап өнеркәсіп кооперациясы, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің де маңызын атап өтті. Өз кезегінде Беларусь сыртқы істер министрі арнайы қабылдағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, Александр Лукашенконың сәлемін жеткізді.
Осыдан екі ай бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Беларуське барып, ел президенті Александр Лукашенкомен жолыққан еді. Кездесуде Лукашенко Қазақстанмен бірге өндіріс орындарын ашуды ұсынған.