Ақтау тұрғыны бұрынғы сүйіктісінің интимді суреттерін таратқаны үшін сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

Ақтауда бұрынғы сүйіктісін ұрып-соғып, интимді материал таратқан ер адам сот шешімімен бас бостандығынан айырылды.

Lada.kz хабарлауынша, жеке өмірге қол сұғу және жеке деректерді заңсыз тарату дерегі бойынша 23 жастағы ер адам 3 жылға сотталған.

Ақтау қалалық соты биылғы ақпан айында оны жәбірленушінің келісімінсіз жеке өміріне қатысты мәліметтерді заңсыз таратқаны және дене жарақатын салғаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот анықтағандай, жігіт қыздың қарым-қатынасты үзу туралы шешімімен келіспей, кек алуға барған. Ол жалған аккаунт арқылы әлеуметтік желіде бұрынғы сүйіктісінің интимдік сипаттағы материалдарын жариялаған. Сондай-ақ оны мазалап, жанжал шығарған. Осындай жанжалдардың бірінде қызды ұялы телефонмен бірнеше рет ұрған.

Жігітке қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі – жеке өмірге қол сұғу және жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу және 109-1-бабының 1-бөлігі – ұрып-соғу бойынша айып тағылды.

Бірінші сатыдағы сот ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ одан жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Мұның алдында Өскеменде бұрынғы қызын видеоға түсіріп, желіде жариялаған жігіт жазаға тартылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз