Билет сатып алғанда абай болыңыз: ІІМ мәлімдеме жасады

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі азаматтарға концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билет сатып алу кезінде барынша сақ болуды ескертеді. Соңғы уақытта интернетте билеттерді сату немесе алып-сату бойынша күмәнді ұсыныстар жиілеп кеткен.
Алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері:
- Жалған хабарландырулар: Интернет желісінде билеттерді қолжетімді бағаға ұсынып, ақша аударылған соң жоқ болып кету;
- Делдалдық қызмет: Билет табуға көмектесуді сылтау етіп, ақшаны қолды қылу;
- Жасанды билеттер: Ресми нұсқадан айнымайтын, бірақ іс жүзінде жарамсыз билеттерді сату.
«Алаяқтар билеттерді сатып алуда көмек ұсынады немесе оларды қымбат бағаға сатады. Одан бөлек, жалған билеттер таратуы да мүмкін. Оларға сенген адамдар ақша аударып, соңында билетсіз қалуы ықтимал», – деп атап өтті ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Қауіпсіздік ережелері:
Билеттерді тек ресми әрі тексерілген кассалардан немесе сайттардан сатып алу керек. Күмәнді делдалдар мен бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармай, әлеуметтік желілердегі жарнамалардың рас-өтірігін мұқият тексерген жөн. Тәртіп сақшылары кез келген қаржылық операция жасамас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге шақырады.
Бұған дейін алаяқтардың дәрігерлер атынан да әрекет етуге көшкенін жазған едік. Хабарламалар әсіресе егде жастағы адамдарға дәрігерге барғаннан кейін келеді. Оларға қабылдауға жазылуды ұсынып, SMS арқылы келген кодты немесе басқа жеке деректерді беруді сұрайды. Мұндай жағдайлар елдің бірқатар өңірлерінде тіркелген.