Өңірлерде кинотеатр билеттерінің бағасы қандай (инфографика)

Kursiv Media еліміздің кинотеатрлар нарығына зерттеу жүргізіп, билет бағасының өңірлер бойынша қалай өзгергенін саралады. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы үш жылда демалыс пен мәдениет саласындағы бұл қызмет түрінің құны айтарлықтай қымбаттаған.
Егер 2024 жылы республика бойынша орташа билет бағасы 2068 теңге болса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2601 теңгеге жетіп, жалпы өсім 25,8%-ды құрады. Әсіресе 2025 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде баға күрт өскені байқалады, бұл инфляция және кинопрокат нарығындағы шығынның артуымен байланысты болуы мүмкін.
Мегаполистер арасындағы баға ауытқуы
Ірі қалалар арасындағы бәсекеде баға саясаты әртүрлі бағытта дамып келеді. Алматы қаласында 2024 жылы билет құны 1917 теңге деңгейінде, Астанадан төмен болса, 2026 жылға қарай жағдай түбегейлі өзгерді.
Қазіргі таңда Алматыда орташа чек 2835 теңгеге жетіп, елорда көрсеткішінен (2785 теңге) асып түсті.
Бұл ретте Шымкент қаласының тренді ерекше назар аудартады. Мұнда 2024-2025 жылдары баға 2637 теңгеде тұрақты сақталғанымен, 2026 жылы күтпеген жерден 2510 теңгеге дейін арзандаған. Бұл мегаполистер арасында билет бағасы төмендеген жалғыз аймақ болып отыр.
Өңірлер арасындағы алшақтың терең
Статистикалық деректерді саралай келе, ең жоғары баға Өскемен қаласында тіркелгенін көреміз. Шығыс Қазақстандағы бұл орталықта билет құны үш жыл ішінде 2799 теңгеден 3261 теңгеге дейін көтеріліп, республикалық антирекорд орнатты.
Сондай-ақ Атырау (2884 теңге) мен Түркістан (2796 теңге) қалалары да ең қымбат аймақтардың қатарында.
Түркістан қаласындағы бағаның жоғары деңгейі аймақтың туристік әлеуеті мен жаңа инфрақұрылымның қалыптасуымен түсіндіріледі. Ал батыс өңірлеріндегі баға тұрақтылығы мұнайлы өлкедегі халықтың сатып алу қабілетіне сәйкес қалыптасқан.
Қай өңірде билет арзан
Баға өскеніне қарамастан, Қазақстанда киноға бару әлі де болса арзанға түсетін өңірлер бар. Семей қаласы 1579 теңге көрсеткішімен ең төменгі орында тұр, бұл республикалық орташа мәннен 1000 теңге арзан.
Одан кейінгі орындарда Петропавл (1711 теңге) мен Павлодар (2065 теңге) қалалары орналасқан.
Солтүстік және шығыс аймақтарда бағаның өсу қарқыны баяу екені байқалады. Мәселен, Көкшетау қаласында үш жыл қатарынан баға өзгеріссіз – 2000 теңге деңгейінде сақталса, Жезқазғанда 1800-ден 2000 теңгеге дейін ғана өскен. Бұл аймақтық нарық көлемі мен жергілікті сұраныстың ерекшеліктерін көрсетеді.
Еске сала кетейік, 2025 жылы ең көп касса жинаған фильмдер тізімі жарияланған болатын.