Өскемендегі зауыт қазақ мұнайын тасымалдайтын құбырға 4,7 млрд теңгенің өнімін сатпақ

Өскемендегі арматура шығаратын зауыт қазақ мұнайын тасымалдайтын Каспиий құбыр концорциумымен 4,7 млрд теңгенің келісімін жасады. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған.
Құжатқа сәйкес, зауыт «Каспий құбыр Консорциумы-Р» компаниясына шарлы крандар, қосалқы және құрамдас бөлшектерді жеткізеді. Зауыт өнімдерін жеткізу уақыты қосымша келісім арқылы нақтыланады. Ірі келісім зауыт активінің 25 пайызынан аспайды.
Бұл келісімге қос тарап 2025 жылдың желтоқсанында қол қойған. Соған сәйкес, зауыт құбырға Қазақстанда өндірілген жоғары технологиялық материал, жабдықтар жіберуге келіскен.
«Өскемен арматура зауыты» 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның 2024 жылғы есебіне сәйкес, компанияның 100 пайыз үлесі «Open Industrial Solutions» компаниясына тиесілі. Ал 2023 жылға дейін акционері басқа болған.
Каспий құбыр концорциумы арқылы Қазақстаннан экспортқа шығарылатын мұнайдың 80 пайызы Еуропа елдеріне тасымалданады.